Connect with us

Бәрі туралы

Биология

Жануарлардағы шартты және шартсыз рефлекстер

  1. Шартты рефлекстердің қалыптасуына жағдай жасау.

Шартты рефлекс пен шартсыз рефлекс арасында өзара байланыс бар. И.П.Павлов шартты рефлекстер сыртқы жағдайлардың әсеріне бейімделуіне қарай шартсыз рефлекстерге ауысып отыратындығын, сөйтіп бұл екеуінің арасында өзара байланыстың барлығын талай рет айтқан болатын.

И.П.Павлов лабораториясында жүргізілген тәжірибенің қысқаша мазмұны мына төмендегідей: егер итке бір мезгілде екі тітіркендіргіш әсер етсе – бірі шартсыз рефлексті туғызатын – тамақ екіншісі өздігінен жануарда рефлекс туғызбайтын, бейтарап тітіркендіргіш жарық болса, мида қозудың екі алабы ( бірі – керуге, екіншісі – тамақтану орталығында ) пайда болады. Қозудың осы алаптарының арасында екі тітіркендіргішті қосарландыра қайталаған сайын нығайып отыратын жүйке байланысы жасалады. Жануардың тіршілігі үшін жарыққа қарағанда тамақ аса қажетті тітіркендіргіш. Сондықтан мидағы тамақтану орталығы көру орталығына қарағанда күшті қозады. Күшті қозған тамақтану орталығы өзінен баяу қозған көру орталығының қозу процестерін өөіне тартып алады. Осыдан барып, бұл екеуінің арасында байланыс жасалады.Мұны И.П.Павлов ми қабығындағы уақытша жүйке байланысы деп атаған.

Осындай байланыс жасаудың нәтижесінде ит кейін жарық жағылып, тамақ берілмесе де сілекей шығара береді. Жеке алғанда итке мүлдем қатысы жоқ, бейтарап тітіркендіргіш болып табылатын жарық тамақпен бекіндірілгеннен кейін ит үшін биологиялық маңызы бар тітіркендіргішке айналып отыр.

Осындай организмге қажетті құблыстарды білдіретін көптеген сыртқы тітіркендіргіштердің әсерінен пайда болатын ми қабығының өызметін сигналдық қызмет деп атайды. Жоғарыдағы мысалда жарық тамақтың сигналы болып отыр.

Шартты рефлекстер табиғи жағдайда да, сыртқы ортаның өзгерген жағадйларына байланысты да жасалып отырады.

Мысалы, көптеген жабайы аңдар адамды алғаш көргенде сескенбеулері мүмкін. Бірақ, адам оларды ұстай бастаса, жануарлар өз құлқын өзгерте бастайды. Олар адамды көрісімен тығылуға, не қашуға тырысады. Демек, бұл жағдайда жасалған рефлекс аңдар тіршілігі үшін өте пайдалы шартты рефлекс екендігі түсінікті.

  1. Қозу мен тежелу.

И.М.Сеченов пен И.П.Павлов мидың барлық рефлекстік қызметі екі жүйкелік процестен – қозу мен тежелуден тұратындығын анықтап берді. Бұл физиологиялық процестер ми қабығындағы шартты рефлекстердің жасалуында, сондай-ақ мидың төменгі бөліктерінде шартсыз рефлекстердің жасалу кезінде де үнемі көрініп отырады.

Қозу – әр түрлі тітіркендіргіштердің әсері нәтижесінде жүйке жүйесінің қызмет жасап тұрған белсенді күйі болса, тежелу, керісінше, жүйке жүйесін тыныштандыратын процесс болып табылады. Қозу мен тежелу процестері ғылымда И.М.Сеченов пен И.П.Павловқа дейін де мәлім болған. И.М.Сеченовтың мидың тежелуі жөніндегі пікірлеріне сүйене отырып, И.П.Павлов онда қозумен қосарласа тежелу процесі болып отыратындығын, мида бірыңғай қозумен бірыңғай тежелудің болуы мүмкін еместігін, бұл жүйке процестерінің жұмысы организмнің бүкіл өмірінің барысында үздіксіз жүріп отыратындығын дәлелдеді. Мұны мына мысалдан-ақ жақсы байқауға болады. Егер адам бір нәрсеге қатты зейін қойса, онда айналасындағы заттарға қарамайды, өйткені кітапқа қадалған кезде миының бір алабы қозу жағдайында болады да, қалған алаптары тежелуге ұшырайды. Қозу мен тежелудің осындай жұмысын көрсететін мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

И.П.Павлов шартты рефлекстердің табиғатын зерттеу үстінде тежелулердің бірнеше түрін анықтады. Ол ең алдымен тежелудің сыртқы – шартсыз (яғни, туғаннан пайда болатын ) және ішкі – шартты ( өмірде жасалып отыратын ) деп екі үлкен топқа бөлді.

Сыртқы тежелудің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Соның бірі – жәй тежелу. Егер шартты рефлекс жасалып жатқан бөлмеге жаңадан бір тітіркендіргіш қосылса ( мәселен, бөлмеге бөтен кісінің кіруі ), ит сілекей бөлуді тоқтатады, яғни жаңа тітіркендіргіш шартты рефлекстің пайда болуына бөгет жасап, оны тежеп тастайды.

Тежелудің бұл түрі организмнің өмірі үшін аса маңызды. Егер организм сыртқы дүниедегі сан алуан тітіркендіргіштерді сезе алмаса, ол жауынан қорғана алмас еді, тамағын тауып жей де алмас еді.

Сыртқы тежелудің екінші түрі – шектен тыс тежелу. Ми қабығының жұмыс істеу қабілетінің белгілі шегі бар. Егер миға үнемі күшті тітіркендіргіштер әсер ете беретін болса, жүйке клеткаларының тәртіппен біркелкі жұмыс істеуіне нұсқан келуі мүмкін. Мидың шаршаған кезінде пайда болып, оны апаттан сақтап қалатын тежелудің осындай түрін кейде қорғаныс тежелуі деп те атаймыз.

Ішкі тежелудің де бірнеше түрі бар. Солардың бірі – сөне тежелу. Егер шартты тітіркендіргіш, ( мысалы, қоңырау ), бірнеше рет беріліп, бірақ шартсыз тітіркендіргішпен (тамақ) нығайтылмаса, онда шартты рефлекс жасалынбай, сөне бастайды, яғни байланыс уақытша тежеледі. Біраздан кейін тағы да қоңырау соғылса, шартты рефлекс те қайтадан пайда болады. Бұл шартты байланыстың бұзылмағандығын, тек уақытша тежелгендігін көрсетеді. Мұндай тежелудің пайдасы организмге бір жағдайда қажетсіз болған рефлекстерді уақытша өшіріп отыратындығында.

Ішкі тежелудің бір түрі – ажырату ( дифференциациялық ) тежелуі. Бұл организмнің түрлі заттар мен құбылыстардың арасындағы ұқсастықтарды айыра білу қабілетін көрсетеді.Мысалы, итке шартты рефлекс жасауда метроном арқылы 96 рет соққанда тамақ бермей, әр 100 соққанда ғана тамақ беріп отырса, кейіннен сілекей тек метроном 100 рет соққанда ғана шыға бастайтын болады. Тежелудің осы түрінің организмнің тіршілігі үшін маңызы айтарлықтай. Осындай тежелулердің жәрдемімен организм бір-біріне ұқсас тітіркендіргіштерді де ажырата алады.

Ішкі тежелу сондай-ақ кешігу, ұйқы тежелуі болып та тармақталады. Тежелудің түрлерін сөз еткенде сыртқы тежелулердің орталық жүйке жүйесінің кез келген бөліктерінде пайда болатыны, ал ішкі тежелулер тек ми қабығына тән құбылыс екендігі естен шықпау керек.

  1. Динамикалық стереотип.

Белгілі тітіркендіргіштерді бірқалыпты ұзақ уақыт қайталай берсе, ми қабығында ми қабығында қозу мен тежелудің тұрақты, бір ізге салынған жүйелері пайда болады. Соның нәтижесінде рефлекстердің бекіген жүйесін қайта жаңғыртып отыру, көп күшті жұмсауды қажет етпейді де. Мәселен, егер итте күрделі тітіркендіргіштердің жиынтығына бірнеше рефлекстер туғызылса, ( қоңырау, жарық, метроном т.б. ) және олар белгілі тәртіп бойынша жеткілікті түрде қайталанса, кейін осы тітіркендіргіштердің біреуімен ғана әсер етсе болады, ит бұрынғы жауап реакциясының бүкіл жүйесін өзгертпей, түгелімен қайта жаңғыртып шығады. Осы секілді үнемі қайталанып отыратын тітіркендіргіштерге организмнің тежелуін, соның нәтижесінде ми қабығында қозу мен тежелу жүйесінің жасалуынИ.П.Павлов динамикалық стереотип деп атаған. Бұл ми қабығының «біріккен әрекеті», «ішкі процестердің жаттыққан және теңескен жүйесі». Қозу мен тежелудің осындай бірқалыпты стереотиптері сыртқы ортадан келетін тітіркендіргіштердің бір сыдырғы тұрақталған жағдайында ғана жасалынады, стереотиптер сыртқы ортаның өзгеруіне қарай жаңадан құралып, ал ортаға сәйкес келмеген жағдайларда қайтадан жаңғырып тұрады.

Дереккөзі

Continue Reading
Ұқсас тақырыптар...
To Top