Бәрі туралы
Бәрі туралы
No Result
View All Result
Бәрі туралы
No Result
View All Result

Ақ тырнаның құйрығы мен қызыл төбетайы

Ақ тырнаның құйрығы мен қызыл төбетайы

Ертеде ақ тырна мен қарқара жастайынан бірге өсіп, біте қайнасып, қарасу жағасын мекендепті. Ол екеуінің түс-тұрқы, айырғысыз, сирақтары сып-сидам ұзын, денелері аппақ, мойындары сорайған, тұмсықтары біздей үп-үшкір екен. Ол екеуі қатар тұра қалғанда қайсысының ақ тырна, қайсысының қарқара екенін жыға тану қиын екен.

Шыжыған шіліңгір ыстық күндердің бірінде, бұл екеуі суға түсіп жуыныпты. Жуына-жуына денелері мұнтаздай болып, кіршіксізденіп бейне жер бетінен жарып шыққан жауқазындай жайнап кетіпті. Қарқара жуынып бола жағаға шығып күншуақтап су жаққа көз тастаса, ақ тырна суда әлі асыр салып ойын-тамашамен жүр екен. Мұны көрген ол «Ел-жұрт екеуімізді бір-бірінен қалыспайтын көрікті деседі, бірақ мынаның қауырсыны менікінен гөрі салалы әрі ақ екен, бұл бірер тал қауырсын тауып әрлесе, менен әлдеқайда көрікті болып кетер» деп ойлап, күншілдік көкейін өртейді де: «Мұны алдап жағаға шығарып, бір шеңгел балшықты атып, тұла бойына жағайын, сонан соң оның аппақ болып тұрғанын көрейін» деп оған сұмдық сайлапты, осы оймен қопаға барып бір шеңгел балшық алып, оны құйрығының астына жасырыпты да, талтаңдай басып су бойына келіп:

— Бауырым ақ тырна, тез ұмтыл, шөкпе тастың жапсарына бір ақ шабақ кіріп алыпты! Тез келмесең ары кіріп көрінбей кетеді! — деп айқайлапты.

Ақ тырна бұның қулық екенін қайдан білсін, ол жалма-жан бір сілкініп қарқараға қарай аңқалаңдап ұмтылыпты. Таяп келгенде қарқара оған құйрығының астына жасырған балшығын су лаймен жіберіп қалыпты. Оның бұлай істерін ойламаған ақ тырна бұлтара алмай, қара балшық аппақ құйрығына былш етіп жабыса кетіпті, қарқара оған қарқылдай күліп:

— Ақтырна, сен енді қара тырна болдың! — депті мәз болып. Бұны естіп ашуланған ақ тырна қарқараға тап беріпті. Сонда қарқара қатты сасып жалма-жан жерден тас алып ақ тырнаға жіберіп қалған екен, ол тас ақтырнаның дәл төбесіне тиіп, тас тиген жері лезде қып-қызыл болып томпайып шыға келіпті.

Сонан қарқара тайып тұрыпты. Жарақатының ауырғанына шыдап, орнынан тұрған ақ тырна суға түсіп құйрығына жабысқан балшықты тазаламақшы болыпты, бірақ балшықтың желге тиісімен бүйтіп қатып қаларын кім білген, қанша жуса да, балшық бұрынғыдан ары баттасып, кетпей қойыпты. Төбесінің жарақатын жуса, ол да жуған сайын қызара түсіпті. Десе де бұл оған көрік қосыпты. Аспанда бір сәт ұшып ақ тырнаны «табалап, мазақтайын!» деп қайта оралған қарқара қанатымен су сабалаған ақ тырнаның аппақ тұлғасына жарасым жасап, сән кіргізген қып-қызыл төбетайы мен құндыз қара құйрығын көргенде қызғаныштан жарылып кете жаздаған болса да:

— Бауырым-тыру, көркің сұлу, тым сұлу! — деп қошамет етіпті.

Оның бөтен ниет, бөгде ойын аңғарған ақ тырна қанатын таранумен оған пысқырып та қоймапты. Бұған ішқұста болған қарқара сол күннен бастап, күні бүгінге дейін күні бойы: «бауырым-тыру, көркің сұлу, тым сұлу» деп қиқулап жүреді екен, ал ақ тырна оған тіс жарып үн қатпай томсарған бойы қанатын таранумен болады екен.

Дереккөзі

Tags: Ақ тырнаБарлық авторларБарлық нақыл сөздерэтиологиялық ертегілер

Related Posts

Ертегілер

Ай мен Күн

Ертегілер

Не қылса да көн, күйеуіңдікі жөн

Ертегілер

Ақ тас

Ертегілер

Су асты елінің ханзадасы мен ханшайым

Ертегілер

Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен

Ертегілер

Көрсеқызар

Ертегілер

Өкпешіл көжек

Ертегілер

Көмек

Ертегілер

Қауырсын қалам, ағаш қаламсап және болат қаламұш

Ертегілер

Бауырсақ

Санаттар

  • Бастауыш сынып
  • Баталар жинағы
  • Бәрі туралы
  • Биология
  • География
  • Ғылыми мақала
  • Дипломдық жұмыс
  • Ертегілер
  • Есімдер
  • Журналистика
  • Информатика
  • Курстық жұмыс
  • Қазақ әдебиеті
  • Қазақ тілі
  • Құттықтау
  • Мақал-мәтелдер
  • Математика
  • Өлең
  • Сұрақ-Жауап
  • Тарих
  • Тәрбие сағаты
  • Физика
  • Химия
Яндекс.Метрика
  • Бәрі туралы

Бәрі бар © 2021

No Result
View All Result
  • Бастауыш сынып
  • Баталар жинағы
  • Биология
  • География
  • Ғылыми мақала
  • Дипломдық жұмыс
  • Ертегілер
  • Есімдер
  • Журналистика
  • Информатика
  • Курстық жұмыс
  • Қазақ әдебиеті
  • Қазақ тілі
  • Құттықтау
  • Мақал-мәтелдер
  • Математика
  • Өлең
  • Сұрақ-Жауап
  • Тарих
  • Тәрбие сағаты
  • Физика
  • Химия

Бәрі бар © 2021