Connect with us

Бәрі туралы

Өлең

Шайырдың шабытсыз шағы

Табылды Досымов

Шайырдың шабытсыз шағы

Тағы да қаламыма сайтан сарып,
Бір өлең жаза алмадым сойқан салып.
Жеріген төсегінен жезөкшедей,
Келмеді бүгін тағы сайқал шабыт.

Бір өлең жаза алмадым бүгін емге,
Түгі жоқ бедеу түннен түңілем бе?
Кез болып қала ма деп шабыт сені,
Іздедім бөтелкенің түбінен де.
Шалдығып, шарап ішіп басы ауырған,
Шайырды емдер болсаң, бүгін емде!

Шабытсыз болып қалып қуыс кеуде,
Сені іздеп барға барып у ішкенде.
Мен талай сен келер деп алаңдадым,
Бокалдар сыңғыр қағып түйіскенде.
Түйісіп, бір-бірімен сүйіскенде.

Ақынға ем өлеңге артқан базынасын,
Маңдайға қашан енді жазыласың.
Миымнан мың сан ойлар ұшып кетті,
Өзіңді күте-күте қажығасын.

Ей, шабыт, шының ба бұл ойының ба?
Өлеңге жоқ-ау сенің тойымың да…
Тағы да сойқан салып, сайқал шабыт,
Жатырсың қай ақынның қойынында?!..

Дереккөзі

To Top