Тақырыбы: «Аналар – асыл жандар…»
Мақсаты: Оқушылардың аналар мен әжелерді, ұстаздар мен қыздарды мерекемен құттықтауы. «Ана» деген қасиетті сөздің маңызын білу, құрметтеу, қастерлеуге баулу. Олардың бойына адамгершілік асыл қасиетті сіңіру.
Кештің көрнекілігі: Интерактивті тақта, шарлар, ұлағатты сөздер жазылған плакат.
Спандияр: – АЯУЛЫ ӘЖЕЛЕР МЕН АРДАҚТЫ АНАЛАР!
Қуанышты жүз көреміз әркімнен,
Болашаққа бастайтын жол жарқын, кең,
Қызғалдақтай құлпырыңдар бәрің де,
Құттықтаймыз сегізінші наурызбен!
Аружан: – ҚҰРМЕТТІ ДЕ ҚАДІРЛІ ҰСТАЗДАР!
Қызық болсын әрбір күнің әр күннен,
Еңбектерің жансын ерен қарқынмен,
Құшақтарың гүлге толсын әрдайым,
Құттықтаймыз сегізінші наурызбен!
Спандияр: – Енді назарларыңызды экранға аударыңыздар.
Мұғалім: – Әр баланың өз анасы туралы жазған шығармасымен таныстырып, ортаға шақырайық (алдымен видео бойынша балалардың тілектерін тыңдату, сосын слайд бойынша шығармаларды ашып, оқушыларды шақыру, аналарына дайындаған сыйлықтарын беру)
Айғаным:
Мерейлі сәт мерекеге ұласып,
Сегізінші наурыз келді қыр асып.
Қыз – келіншек, нәзік жандар мейрамы –
Көктемімнің шапағатын тұр шашып.
Мирас:
Құттықтаймыз аналарды, қыздарды,
Мерекеден шуақты бір із қалды.
Болсын әркез көтеріңкі көңілдер,
Нұрын шашсын мерекеге өңірлер!
Әмина:
Тал бесікке тірлікті ілмектеген,
Мадақтауға Ананы тіл жетпеген.
Алатаудың шыңына ту тігеді,
Анасына той жасап, құрметтеген.
Арлан:
Анашым шалқып күлсең,
Алдымда ұзақ жүрсең,
Жүрегім жыр толғайды,
Көңілім ортаймайды.
Анасы бар адамдар,
Ешқашан қартаймайды.
Аружан:
Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.
Әдемі:
Әр үйдің Күні десе,- лайықсыздар.
Өр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Дәуірбек:
Гүлдей болсын өміріңіз,
Нұрға толсын көңіліңіз.
Биік боп жұлдызыңыз
Көктемдей құлпырыңыз.
Бақыт қонсын басыңызға
Қолдап жүрсін Тәңіріңіз!
Лейла:
Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
Мадияр:
Келді көктем күннің,
Күлімдейді гүлің –
Алтын ойлы Анам,
Мерекеңіз бүгін!
***
Жұмақ – құшақ панам,
Күндей нұрлы санаң!
Қызығын көр ұл – қыз,
Еңбек сүйгіш Анам!
***
Кетті қысқы ызғар,
Еріп жатыр мұздар.
Мерекеңіз бүгін,
Қызғалдақтай қыздар!
Анель:
Дүниеде ең кемеңгер дананы,
Ана табады, аялайды бағады.
Сол үшінде құдіретіңе бас иіп,
Құрметтейік қасиетті – ананы.
Ажар:
Құтты болсын аналардың мейрамы!
Жарқыраңдар, жаз күніндей жайдары!
Мерекесі бұл көктемнің алғашқы,
Бақыт берсін әр көктемнің айлары!
Дарина:
Сұлусыңдар күн нұрынан жаралған
Шапақтарың бар әлемге таралған,
Гүлдеріне жаз күнінің ұқсайсың,
Орындалсын жүректегі бар арман!
Спандияр:
Болса өзге жүрек,
Адамға адам – тірек.
Сіздерге айтар мынау,
Мерекелік тілек:
***
Қарау жүрсін қашық,
Алшы түссін асық.
Берекесін берсін,
Сіздер еткен кәсіп!
***
Әр таңдарың атқан,
Бақыт берсін батпан.
Құрастырсын құдай,
Табысыңды тапқан!
Спандияр: – Балалар, аналарға ән – шашу орындалып жатқан кезде таратылған параққа үлгі бойынша аналарыңа арнап өлең шумағын құрастырып көріңдер.
1._______________ өміріңіз,
________________ көңіліңіз.
________________________
_____________ құлпырыңыз!
2._______________ гүліміз,
________________ күніміз.
_______________________
________________ жүріңіз!
– Сүйікті аналар, сіздердің мейірбан жүздеріңіздей көктемнің алғашқы мерекесі 8 – наурыз құтты болсын!
Спандияр: – Бүгін сіздер үшін бүкіл адам баласы қуанышқа бөленер, сіздер үшін жүрекжарды тілектерін арнайтын күн.
Сынып қыздарын құттықтау.
Спандияр: Қыздар, көктемнің алғашқы күндерімен бірге көңілге қуаныш ала келетін 8 – наурыз мерекелерің құтты болсын!
Мадияр: – Көктемнің бар гүлі, көңілдің сазды үні тек сендерге арналсын!
Дәуірбек: – Жандарыңа жылылық, жүректеріңе ұлылық берсін!
Арлан: – Ата – аналарың аман болсын!
Мирас: – Күнделіктерің 5 – ке толсын! (қыздарға арнаған сыйлықтарын тарту ету)
Аружан: – Бүгінгі ән – жыр, би – күй сіздерге арналады, қабыл алыңыздар!
Ән (хор): «Анашым».
Қыздардың орындауында «Саржайлау» биін тамашалаңыздар.
Күй: «Гәкку». Орындайтын Мирас
Ән(хор): «Ақ мамам»
Қойылым:
Күй: «Ақ сиса». Орындайтын Спандияр
Ән: «Ай дидарлы анашым». Орындайтын Әмина, Айғаным, Аружан.
Ән (хор): «Құттықтаймын, ана, туған күніңмен!»
Ана мен қыздар арасында «Кішкентай көмекші» атты сайыс.
Осымен ертеңгілігіміз аяқталды. Жайма шуақ күнде кездескенше!
Аналар асыл жандар 8 наурыз аналар мерекесін арналған сценарий
© Дереккөзі